Редакция ұсынады

Қандай созылмалы аурулар кезінде темекі тартуға тыйым салынады

Жыл сайын сіздерге темекі тартудың салдарынан, соның ішінде темекі түтінін деммен бірге жұтқаннан болатын нақты зиянның қандай екендігі туралы айтып отырамыз. Алайда қандай созылмалы ауруларға шалдыққанда шылым шегу аса қауіпті болуы мүмкін және мұның зиянын қалай төмендетуге болады? Осы сауалды отбасылық дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Дамиля Нұғмановаға қойған едік.


Алайда бұл сұрақ дұрыс құрылмаған, өйткені темекі тарту, әлбетте, барлық адамдар үшін қауіпті болып келеді. «Темекі тарту, әрі бұл баршамызға бұрыннан белгілі нәрсе (сонау XX ғасырдың 50-ші жылдарында-ақ ғалымдар шылым шегу мен өкпенің қатерлі ісігі арасындағы байланыстың бар екендігін дәлелдеген), кез келген жағдайда да зиянды. Темекі тарту қауіпті болып саналатын созылмалы, не болмаса жіті аурулардың бөлек тізімі жоқ. Сондықтан біз, дәрігерлер және медбикелер, темекіні тастауға кеңес беруге, сондай-ақ әрбір шылымқұмарға темекі шегуден бас тарту барысында көмектесуге тиіспіз», – деп көрсетті Дамиля Нұғманова. 

Дегенмен темекі тартып бастау немесе жалғастыра беру өте қауіпті болып саналатын аурулар тізімі баршылық.

Темекі тартуды бастау немесе жалғастыру кім үшін аса қауіпті?

Отбасылық дәрігердің айтуынша, келесі дерттердің дамуына шалдыққан адамдарға темекі тартуға тыйым салынады:

·     метаболизмдік аурулар: диабет алды дерті және қант диабеті;

  • жүрек-қан тамырларының аурулары: күретамырлы қысымның көтерілуі, жүректің ишемиялық ауруы, ырғақсыздық, атеросклероз;

·      тыныс алу мүшелерінің аурулары: өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА), бронх демікпесі;

·      бүйрек аурулары;

·      қалқанша безінің аурулары;

·      психикалық дерттер мен неврологиялық бұзылыстар: депрессия, паникалық шабуылдар, БМС, ЖБА, аутизм және тағы да басқалар.

Жаман әдеттің өлімге әкеліп соқтыруы ықтимал аурулардың ауқымы өте кең, өйткені уытты темекі түтінін деммен бірге жұту адам ағзасының барлық мүшелері мен жүйелеріне ықпал етеді. «Дерттерді шексіз атап отыруға болады. Темекі түтінінің құрамындағы 6000 астам уытты компоненттерді деммен жұту күшті тотықтырғыш стресті тудыруы мүмкін, тыныс алу жолдары қабырғаларының шырышты қабатын, бронхиолалар мен бронхтардың, альвеолалардың қабырғаларын, қылтамырлардың, ұсақ және ірі күретамырлардың қабырғаларын бұзады, ауыз қуысының, көмейдің, асқазан-ішек жолының, қуықтың, несеп шығару жолдарының, бүйректің, жыныс мүшелерінің шырышты қабатын зақымдайды», – деп түгендеп шықты Нұғманова.

Бір мақаланың ауқымында барлық қиратушы факторларды қамту өте қиын. Бұл материалда біз қазіргі заманғы әлемде ең кеңінен таралған және созылмалы аурулардың ең қауіпті болып саналатын тобына егжей-тегжейлі тоқталып өтеміз.

Қатерлі төрттік

Темекі тартатын адамдар созылмалы аурулардың даму қаупіне көбірек бейім келетіні бұрыннан белгілі нәрсе. Алайда шылым шегу осыған дейін пайда болып үлгерген дерттердің ағымын да одан бетер асқындырып жібереді, әрі бұл емдеу үдерісін әлдеқайда қиындатады және оны ұзарта түседі, ал кейбір жағдайларда, тіпті, науқастардың өміршеңдігіне де ықпал етеді. 

АҚШ-та шамамен 10 жылға жуық уақыт бойы осы тақырыпқа байланысты зерттеу жүргізілген еді. Темекі тартуға қатысты ең кеңінен таралған созылмалы ауруларға келесілер жатқызылды:

•          ауамен жұғатын аурулар (өкпе мен тыныс алу жолдарының дерттері);

•          жүрек-қан тамырларының аурулары;

•          қатерлі ісік;

•          қант диабеті.

Бір өкініштісі, зерттеулер көрсетіп отырғандай, қазірдің өзінде аталмыш аурулардан зардап шегіп жүрген шылымқұмарлардың басым көпшілігі осы зиянды әдетінен бас тартуға асықпайды және осылайша өздерінің денсаулығын тіптен нашарлатып жібереді. Біз төменде дәл осы қауіпті созылмалы дерттер кезінде шылым шегуден арылудың неліктен өте маңызды екендігін қарастырамыз.

Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА). Неліктен темекіден арылу маңызды?

Зерттеу көрсеткендей, ӨСОА дертіне шалдыққан және темекі тартуды жалғастырып жүрген науқастар өздерінің никотинге деген тәуелділігін одан бетер күшейтеді екен. Және де, тіпті, асқынған жағдайға қарамастан, олар бұдан да көп темекіні шегіп бастайды. Өкпенің қызметі төмендегендіктен, ағзаға никотиннің үйреншікті мөлшерін жеткізу үшін оларға темекінің де көп мөлшері қажет болып шығады. Сонымен бірге зерттеушілер анықтағандай, бүгінгі таңда шылым шегуді тоқтату ӨСОА ауруына шалдыққан адамдардың өкпе қызметінің жоғалуын төмендететін жалғыз белгіленген араласу болып келеді, әрі адам темекі шегуден неғұрлым ертерек бас тартса, өкпе қызметінің төмендеу жылдамдығы да соғұрлым баяулай түседі.

Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА). Неліктен темекіден арылу маңызды?

Зерттеудің нәтижелері бойынша «4 ересек адамның 1 астамын» бұл жүре пайда болған ауыр дерт мүлдем қорқытпаған екен, әрі олар темекі тартуды жалғастыра берген. Сонымен бірге зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, осы аурудың барысында темекі әсерінің, тіпті, төмен деңгейлерінің өздері «жедел жүрек-қан тамырларының оқиғаларына», соның ішінде миокард инфарктісі секілді жағдаяттарға әкеліп соқтырады.

Қатерлі ісіктен кейін. Неліктен темекіні тастау өте маңызды?

АҚШ-тың Ұлттық онкологиялық институты темекі тарту мен қатерлі ісіктен айығып кеткен адамдардың өміршеңдігі арасындағы өзара байланысына баға берген. Бұл тұста келесідей заңдылық анықталған еді: онкологиялық аурудан құлан-таза айғып кеткен адамдардың басым көпшілігі жасы ұлғайған сайын темекі шегуден бас тартқан немесе шылым санын төмендетіп отырған. Сонымен бірге зерттеушілер мына бір жайтты атап көрсетеді:

«Жасына және қатерлі ісік түріне қарамастан, онкологиялық аурудан айығып кеткен барлық адамдарға темекі шегуден бас тарту маңызды болып отыр. Өйткені мәліметтер шылым шегуден бас тарту қатерлі ісіктен сауығып кеткен барлық адамдардың арасындағы кез келген себептерден болатын өлім-жітімнің көрсеткішін төмендете алатынын айғақтайды».

Қант диабеті. Неліктен темекіден арылу маңызды?

Адамның қант диабетіне шалдыққан кезінде темекі тартуы өте ауыр салдарға апаруы ықтимал: жүрек-қан тамырларының аурулары қаупінің жоғарылауы, бүйрек аурулары, қан айналымының бұзылуы және, тіпті, көру қабілетінің жоғалу ықтималдығы.

Жас ауру шылымқұмар

Қорытындылай келе, біз темекі тарту мен созылмалы аурулардың ағымы арасындағы байланыс туралы зерттеуде кездестірген мына бір маңызды жайтпен бөлісуді жөн көріп отырмыз. Зерттеушілер байқағандай, созылмалы аурулары бар егде жастағы адамдармен салыстырғанда жас науқастар арасындағы темекі тартудың таралғандығы – екі есе жоғары болып келеді екен. Бұл немен байланысты болуы мүмкін? Ғалымдар мынадай қорытындыға келіп отыр: егер егде жастағы науқастарда жасына қарай жиналған дәстүрлі қауіп факторлары созылмалы ауруларға әкелсе, онда жас науқастарда темекі тарту созылмалы аурулардың пайда болуына апаратын негізгі қауіп факторы болып саналады.

Шылымқұмардың қабылдай алатын ең жақсы шешімі – бұл темекі шегуден біржолата бас тарту. Ал егер қандай да бір себептермен бұл қолыңыздан келмесе, онда темекі тартудың балама нұсқалары (темекіні қыздыруға арналған жүйелер, никотинді алмастыратын терапия) зиянды төмендетуге көмектесетіндігі және ақыр аяғында темекіден мүлдем арылуға септесе алатындығын растайтын зерттеулер бар.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

3
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз